Көрісу күні құтты болсын!
Бүгін мектебімізде Көрісу мерекесіне орай "Амал келді-жыл келді" тақырыбында шара өтті. Шара барысында оқушыларға Көрісу күні туралы мәліметтер айтылып, керемет әндер шырқалып, күйлер шертілді. Сонымен қатар "Бауырсақ party" ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық тағамы Наурыз көжеден дәм татқызды.
"Амал" күні немесе "Көрісу" күні дегеніміз не?
Бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр. Шартты түрде наурыздың 14-і «Көрісу күні» (кейде «қауышу күні) деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады.
Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді.
Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезеңді біздің халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды. Жыл сайын 14-наурызда «Амал келді - Жыл келді!» деп бір-бірін құттықтап, бір дастарханда дәм татып, ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткеніне қуанған.